Облыс ең жарқын әрі бірегей жаңа жылдық шара – «Аяз ата, Ақшақар-2024» республикалық фестивалін қабылдауға дайындалып жатыр. Фестиваль осы жылдың 19-21 желтоқсаны аралығында өтеді. Бұл туралы ШҚО Мәдениет басқармасы басшысының м.а. Самат Қасенов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Жыл сайын асыға күтетін бұл мереке ерекше сиқырға толы өтпек. Биыл бұл шара облыстың ең танымал тау шаңғысы курортында болады. Келушілер үшін қызықты бағдарлама ұсынылмақ. Үш күндік бағдарлама 19 желтоқсанда Риддер қаласында бастау алып, 20 желтоқсанда Алтай Альпісінде жалғасып, 21 желтоқсанда Өскеменде аяқталады. Мұндағы ең ерекше сәт – Аяз Ата резиденциясының ашылуы мен қала орталығында басты жаңа жылдық шыршаның түсті шамдармен жағылуы болмақ.

«Аяз ата, Ақшақар-2024» республикалық фестивалі тек үлкен жаңа жылдық шара ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның барлық өңірлерінің ынтымақтастығы, мәдениеті мен бірлігінің белгісі болмақ.

Мереке аясындағы шаралар спорттық ойын-сауық, мәдени бағдарламалар мен интерактивті шараларды қамтып, барлық тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлауға бағытталған. Шара соңында фестиваль қатысушыларына арнайы сыйлықтар мен марапаттау қағаздары табысталатын болады.