Өскеменде фристайл-могулдан әлем кубогінің жүлдегері Павел Колмаковты жақындары мен жерлестері, жанкүйерлері әуежайдан күтіп алды. Павел Колмаков таяуда Алматыда өткен халықаралық додаға қатысып, жүлдегерлер арасынан көрінді.
Павел Колмаков қазір құрама үздіктерінің бірі. Өскемендегі қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі. Алматы төріндегі аламанда жекелей сындағы сайыста жүлдеге ілікпесе де, жұптық могулде бар мүмкіндігін паш етті. Жартылай финалда финн спортшысы Севери Виореладан басым түсіп, шешуші сынға жетті. Дегенмен, канадалық Микаель Кингсбериге есе жіберіп, екінші орынға жайғасты.
Облыстық спорт басқармасының мамандары ел намысын байрақты бәсекеде қорғаған спортшыға дән риза. Үмітті ақтады деп қуанды.
Айта кетейік, әлем чемпионатының аталмыш кезеңі Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасында 8 наурызда басталған болатын.