«Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан білім мекемелерінің құрылыс жұмыстарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бақылау жүргізеді. Мамандар жобаны іске асыру кезінде заңбұзушылыққа жол бермей, ашықтықты қамтамасыз етеді. Жемқорлық тәуекелдерінің де алдын алады. Аймақта салынып жатқан мектептердің жай-күйімен арна тілшілері танысып қайтты.

 «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы 2022 жылы ел президентінің тапсырмасымен іске қосылды. Білім мекемелерінің уақытылы әрі сапалы салынуын қамтамасыз ету міндеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарына жүктелді.

Бекітілген жоспарға сәйкес Өскеменде алдағы уақытта 5 мектеп бой көтереді. Ал қалған 5 білім ошағы аудандарда тұрғызылады. Мектеп құрылысын жүргізудің өзіндік ерекшеліктері бар. Ұлттық жоба аясында салынған ғимаратта бастауыш және жоғары сынып оқушылары екі бөлек нысандарда білім алады.Жеке спорт залдары да қарастырылған. Білім ошағында психолог, робототехника, логопед, биотехника және хореография залдары болады. Бастама қауіпсіздік шараларын арттыруға бағытталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО департменті тексеріс барысында осы уақытқа дейін ешқандай заңбұзушылықтар анықталмағанын айтады. Дегенмен, құрылыс жұмыстарын жүргізуде кестеден кешігу бар көрінеді.