Белгілі академик, саясаттанушы Лилия Столярова 85 жасқа толды. Өңірдегі жоғарғы оқу орындарының бірінде жарты ғасыр еңбек еткен абзал адам ғылымға да өз үлесін қосты. Ол оқыған дәрістер арқылы білімін жетілдіргендер мен ардақты ұстаздан тәлім алған шәкірттер бүгінде түрлі салада еңбек етеді. Өмірін өзінің сүйікті ісіне арнаған бақытты жан 200-ге жуық ғылыми және әдістемелік жұмыстың авторы.
Томск мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша 1961 жылы тәмәмдаған Лилия Столярова еңбек жолын қарапайым мұғалім болып бастады. 1983 жылы дессиртациясын қорғап, үш жылдан кейін доцент атағын алды. Араға 11 жыл салып, тынымсыз еңбектің нәтижесінде профессор атағына ие болды. Ал 2010 жылы ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі атанды. Лилия Викторовнаның ораторлық шеберлігі мықты. Ол кез келген аудиторияны өзіне бағындырып тыңдата алады.
Лилия Столярованың ғылыми жұмыстарының ауқымы кең. Мәселен, мемлекеттік құрылым, қазіргі қазақстандағы басқару жүйесі, этнодемографиялық процестер және тағы басқалары бар. Оның шәкірттерінің көбі ұстаз жолын жалғап, ғылымға ден қойды.
Лилия Викторовнаның дәріс оқуда өзіндік бірегей әрі қайталанбайтын жүйесі бар. Осы жолға қойылған жүйе арқалы талай студенттің осы салаға деген қызығушылығын оятты.
Кәсіби тәжірибе мен белсенді азаматтық көзқарас Лилия Столярованы Қазақстандағы үздік саясаттанушылар қатарына қосты. Әріптестері, достары, шәкірттері Лилия Викторовнаны 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, оған денсаулық, шабыт, жігер тіледі.