Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар облыс орталығындағы бірқатар көшелерді аралап, жол сапасын тексерді. Шаһар басшысы жөндеу жұмысына жауапты мекеме өкілдеріне жүктелген міндетті уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.

 «100 күнде 10 мың шұңқыр» акциясы аясында қаланың орталық көшелерінде жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Акция қолға алынғаннан бері тұрғындар мен жауапты мекеме арасында тығыз байланыс орнаған. Қала әкімі Жақсылық Омар Есенберлин даңғылы, Қабанбай батыр мен Виноградов көшелері, «Бәйтерек» айналмасындағы жол шұңқырларын тексеріп, мердігерлердің жұмысын бақылады. Мердігерлерге нақты тапсырма беріп, сапаға көңіл бөлу керектігін баса айтты.

Өскемен қаласының әкімдігі oskemen_bot телеграм каналын іске қосқан еді. Осы күнге дейін бұл сервис арқылы тұрғындардан 46 өтінім түсіп, оның 8 өтініші қабылданған. Өтінішті қарау мерзімі үш күн. Жолдағы шұңқыр ретке келтірілген соң, өтініш иесіне атқарылған жұмыстың нәтижесі жөнінде ақпарат жолданады.

Жолдың сапасына ерекше мән берілген. «Таза Өскемен» басшысы Асхат Тәженов жол жөндеу жұмыстарына тартылған техника мен жұмысшылардың саны жеткілікті екенін мәлімдеді.

Жалпы облыс орталығын абаттандыруға бағытталған жұмыстар легі жалғаса бермек. Қала әкімі Жақсылық Омар мердігерлер мен салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма берді.