Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында ашық есік күні өтті. Шараның мақсаты – қоғам көңілін бұл проблемаға аудару, қауіпті дертті ерте кезде анықтау үшін скринингтен өту қажеттігін жеткізу. Ашық есік күніне орай дәрігерлер тұрғындарды тегін қабылдады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы өңірде ішек қатерлі ісігіне шалдыққандардың 245 жағдайы тіркелген. Сондықтан онкологтар әрдайым халықты ашық есік күніне қатысуға шақырады. Ашық есік күні білікті дәрігерлер тегін қабылдау жүргізіп, скринингтен өткізеді.
Онкологиялық орталықта 2018 жылдан бастап виртуалды колоноскопия әдісі қолданысқа енгізілді. Бұл әдістің тиімділігі жоғары. Ең бастысы қатерлі ісіктің жолын бөгеуде бұл ем түрі жеңіл өтеді, дейді дәрігерлер. Ал, республика бойынша адам папиллома вирусына қарсы ауқымды жұмыстар жалғасуда.
Ашық есік күніне келушілер ақ халаттыларға алғыстарын білдірді. Тексерістен өткен олар сұрақтарына жауап алып, дертіне шипа тапқан.
Қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау маңызды. Сол үшін денсаулықты қадағалап, скринингтен өтіп тұрған абзал,дейді дәрігерлер.