Төтенше жағдай мамандары облыс аумағының 70%-ы қар астында екенін айтады. Ал, синоптиктер таяу күндері ауа райы бірнеше градуска жылынады деп хабарлады. Осы кезде асқан сақтық керек. Күн күрт жылынса сең жүріп, арықтар мен өзендер арнасынан асуы мүмкін. Сондықтан тасқын қаупі жоғары аумақтарды бақылау күшейтілді. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов мен облыстық ТЖД бастығы Ерғали Бахаев бастаған топ сондай аймақтарды тікұшақпен әуеден барлап, қауіптің бар-жоғын байқады.

 «Өскемен-Глубокое ауданы-Шемонаиха-Алтай қаласы және Риддер қаласы-Үлкен Нарын ауданы және Қатон-Қарағай ауданы» бағыты бойынша әуеден барлау жасалды. Өзендерде сең жүре бастағаны байқалады. Абырой болғанда өзендер арнасынан аспаған, бірқалыпты ағып жатыр, жағалауды басатындай қауіп жоқ. Төтенше жағдай өкілдері аталған аудандарда жағдай тұрақты деп сендірді.

Апат айтып келмейді. Жағдай ушыққан болса, тасқынға қарсы күреске 2270 адам жұмылдырылады. Оған қоса, 732 техника мен 234 мотопомпа, 61 суда жүзу құралы дайын тұр, деді құзырлы департамент. Тұрғын үйлерді су басқан жағдайда халықты орналастыру үшін сыйымдылығы 17 600 адамды құрайтын 153 уақытша орналастыру пункті дайындалды. Ал, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 26 наурыз күні Өскемендегі Ана мен бала орталығына Тарбағатай ауданынан 22 жастағы аяғы ауыр әйел жатқызылған. Дәрігерлер жас ананы кесар тілігі арқылы аман-есен босандырып алған. Кеше перзентханадан ана мен сәби шығарылған. Алайда жас босанған келіншек үйіне жете алмай Көкпекті ауданының Тассай ауылында аялдауға мәжбүр болған. Өйткені бұл өңірде қарғын су жолдарды басып, автокөлікпен қатынау мүмкін болмаған. Дәрігерлерге ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалған жас ананы облыс орталығына жеткізу қажет деген хабар түскен. Ана мен баланың жағдайы қалыпты. Дегенмен операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу үшін және жаңа туған нәрестеге тиісті көмек көрсету үшін дәрігерлер таң сәріден тікұшақпен Тассай ауылына ұшты. Ана мен баланы Өскеменге жеткізіп, көмек көрсетпек.