Облыста қар, өзен бастауындағы мұздықтар еріп, су деңгейі көтеріліп, қарғын су жүруі мүмкін. Қазіргі таңда Ертіс өзені бойынша ешқандай қауіп жоқ,- дейді мамандар. Дегенмен, алдағы 2-3 аптада Үлбі өзені арнасынан асуы мүмкін. Сондықтан, тасқынға тосқын жұмыстары пысықталып жатыр.
Қала әкімі Жақсылық Омар тұрғындарға қауіп төніп тұрған Үлбі өзеніне барып, алдын алу шараларымен танысып қайтты. Үлбі өзені үйлерге жақын орналысқандықтан су алу қаупі басым. Егер су деңгейі көтерілсе халық біраз әбігерге түсетіні анық. Сондықтан, мамандар қазіргі таңда жағалауды бекіту жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Қазір өзен жағалауы 4-5 метрге көтерілді. Мамандар дәл осындай қарқынмен ұзындығы жарты шақырымды алатын сегіз жерді оқшаулап үлгерген. Бұдан бөлек арықтарды да тереңдеткен.
Алдағы 2-3 апта көлемінде әлі қауіп бар, сондықтан мамандар аймақты жіті бақылауда ұстаймыз деп отыр.