Аймақта мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп, жеке кәсіппен айналысып отырған көпбалалы аналар саны артқан. Солардың бірі – Шынар Бибалина. Ол өткен жылы 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, қазір өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

Аймақта бизнес-жобаларын ұсынып, кәсіп бастап жатқан азаматтар саны жетерлік. Солардын бірі үй шаруашылығында отырып кәсіптің көзін тапқан көпбалалы ана Шынар Бибалина. Ол тігін тігумен айналысады. Балалық шағында анасының жұмысын көріп өскен Шынар Бибалина өз кәсібін ашуды арман еткен. Қазір сол арманына жетіп үйде отырып-ақ, түрлі тапсырыстарды қабылдайды.

Алынған қаражатқа кәсіпкер киім тігуге және ою-өрнектерді соңғы тренд бойынша кестелеуге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық жабдықты сатып алған. Алғашында ол тек өз балаларына киім тігетін, ал қазір аймақта "Bi bala" атты брендімен танымал болып келеді. Қызы Алтынай анасының тіккен киімдерін мақтанышпен киіп, өз құрдастарына әрдайым айтып жүреді екен.

Шынар Бибалина кәсіпкер ғана емес, ең алдымен аяулы ана. Төрт бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Қазір кәсіпкердің тапсырыстары күннен-күнге артып, тұрақты клиенттері де пайда болған. Шынар Бибалинаның айтуынша, кәсіп бастар алдында өзіңе деген сенімділікті жоғалтпай, белсенді әрекеттерден қорықпау керек.