Облыс жолдарындағы жағдайы тұрақты. Өңірлік маңызы бар жолдарға «ОблШығысЖол» ЖШС бақылау жүргізеді. Бүгінде қашықтықтан басқару бөлімшелерінің жұмысы күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Ал, бұрын эрозия болған аумақтар ретке келтірілген. Қазіргі таңда облыс аумағында барлық жол ашық.

 «ОблШығысЖол» ЖШС өкілдерінің айтуынша, су тасқыны қауіпі бар барлық аумақтағы жолдар тұрақты бақылауға алынған. Бұған дейін Тарбағатай ауданына қарасты «Ақсуат-Бекей-Қарасу-Ақжар» тасжолының бойында еріген қар суы қиындық тудырған еді. Нәтижесінде су өткізгіш құбыр мол суға шыдас бермей, жол жиегі бұзылған. Сондай-ақ, Ақмектеп ауылы маңындағы жолдарды да тасқын су шайып кеткен. Мамандар дер кезінде құбыр орнатып, тиісті шараларды қолға алған.

Облыс аумағында жабық жол учаскелері жоқ. Десе де, Марқакөл өңірі мамандардың жіті назарында.

 «ОблШығысЖол» ЖШС облыстық маңызы бар 1500 шақырымнан астам жолды бақылауында ұстайды. Мекемеге қарасты барлығы 1627 су өткізгіш құбыр мен 85 көпір бар.

Аймақтағы су тасқынына байланысты жағдай жергілікті билік пен құтқарушылардың жіті бақылауында.