Мемлекет басшысының халыққа үндеуінен кейін, облыс әкімі Ермек Көшербаев су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Аймақ басшысының пәрменімен өңірге қарасты аудандар жедел шараларды қабылдауға кірісті. Мәселен, Зайсанда арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелері елді мекендердегі су айдындарына мониторинг жүргізіп жатыр.
Аудандағы қазіргі жағдай тұрақты. Дегенмен, алдын алу жұмыстары әлі де жалғасуда. Жергілікті әкімдік еріген қар суын бұру, өзен арналарын тазарту, бөгеттерді нығайту шараларын жүзеге асырып жатыр. Төтенше жағдайды болдырмау мақсатында қажетті техника мен эвакуациялық пункттер әзірленді.
Зайсан ауданында су тасқынының алдын алудың бірінші кезеңі аяқталды. Жергілікті билік өкілдері өзен арналарын қоқыстан тазартып, оны кеңейтіп жатыр. Арнайы техника бекітілген аумақта үздіксіз жұмыс үстінде. Аудандағы мамандардың айтуынша, қазір қызыл судан төніп тұрған қауіп жоқ. Десе де, сақтық үшін алдын ала қамдану өте маңызды.
Бөгетті тексерген мамандар атқарылған жұмыс нәтижелі болғанын айтады. Ол қар суына төтеп береді деп отыр.