Глубокое ауданында «Сауатты жарнама - мәдениет нышаны» атты айлық өтуде. Акция аудан көшелеріндегі ақпаратта мемлекеттік тілді қолданудағы олқылықтарды жоюға бағытталған. Аудан көлемінде қолға алынған шара наурызда басталған. Мақсат – тілдік талаптарға немқұрайлы қарайтын кәсіпкерлерге заң талабына сай жұмыс істеуге шақыру.

Бұл күндері қала көшелеріндегі жарнамалардың бұрыстығын жиі көз шалады. Көп жағдайда олар тиісті нормаларға сәйкес келмейді. Кемшіліктердің алдын алу «Сауатты жарнама - мәдениет нышаны» атты айлық аясында сыртқы жарнамада, билбордтар мен хабарландыруларда «ҚР Тілдер туралы» Заңына сәйкес тілді дұрыс қолдану бойынша рейдттер өткізілді.

Басты түйіткілдердің бірі жарнама заңдылығының сакталмауы. Әсіресе, жарнама мәтініндегі тілдік талаптың дұрыс қолданылмауы. Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мемлекеттік тілде сол жағында немесе жоғары тұсында, орыс тілінде оң жағында немесе төменгі жағына орналасуы қажет.

 «ҚР Тіл туралы» заңының талаптары түсіндіріліп, тегін әдістемелік кеңестер беріледі. Сонымен қатар қажет болған жағдайда жеке кәсіпкерлерге сыртқы жарнаманы сауатты аудару бойынша да көмек көрсетеміз, дейді Глубокое ауданының тілдерді оқыту орталығының директоры Жанар Идрышева.

Жарнамалар мен хабарландыруларда, көрнекі ақпараттарда тіл нормалары, стилистикалық ерекшеліктер мен тіл мәдениеті қатаң сақталуы тиіс, дейді шараны ұйымдастырушылар. Аудан көлемінде өтіп жатқан «Сауатты жарнама - мәдениет нышаны» атты айлық 29 сәуірге дейін жалғасын таппақ.