Мемлекет басшысы су тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көғалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Осыған байланысты елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Оның басты мақсаты халық арасында қоғамдық мәдениетті арттыру, қоғамдық орындарда азаматтардың мүлікке ұқыпты қарауға шақыру. Облыс орталығында осы акцияның жоспары түсіндіріліп, егжей-тегжейлі талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалалар мен ауылдық елді мекендерді жинау, абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды. Ол өз сөзінде бұл жұмысқа тұрғындар мен еріктілерді тартудың маңыздылығын атап өтті. Облыста көгалдандыру бойынша соңғы үш жылда 300 мыңнан астам көшет отырғызылды. Алда бұл жұмысты жалғастыру жоспарланып отыр.
Өңірде «Таза Қазақстан» республикалық акциясының бірінші аптасы «Таза өлке» атауымен өтуде. 6-11 сәуір аралығында аймақ тұрғындары мен 15 мың ұйым өкілдері аумақты тазарту жұмыстарын жүргізеді.
15-20 сәуір аралығында «Киелі мекен» апталығында өңірдегі 60-тан астам тарихи-мәдени ескерткіш ретке келтіріледі. 22-27 сәуір аралығындағы аптаның тақырыбы - «Жасыл аймақ». Мұнда көшеттер отырғызылып, ағаштар әктеледі. Келесі жеті күн «Өнегелі ұрпақ» атауымен өтеді. Осы уақыт аралығында ардагерлер мен алты қарттар үйі тұратын 1000 ауланы тазалау жоспарланған. Ал соңғы аптада «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өзендер мен көлдердің айналасын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі.