Елде сауда орындарын жаңғыртуға арналған жол картасы бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Модернизациялау көше дүңгіршектерін, ескі сауда павильондарын заманауи объектілерге алмастыруды көздейді. Әмбебап базарларды ойын-сауық орталықтарына немесе сауда үйлеріне айналдыру үшін кәсіпкерлерге 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін уақыт берілген.

Өскеменде барлығы он екі базар бар. Оның үшеуі тозған. Жаңғыртуды қажет етеді. Осы мәселеге қатысты облыстық кәсіпкерлер палатасында жиын өтті. ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков өңірдегі кәсіпкерлермен кездесіп, бірқатар мәселені ортаға салды.

Сауда министрлігінің өкілі Өскемендегі 12 базарға барды. Базар иелері құр қарап отырған жоқ. Жаңғыртуға деген ұмтылыс, ілгерілеу бар. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, базарларды жаңғырту мәселесі 2020 жылы көтерілген. Бірақ пандемияға байланысты жұмыстар тоқтап қалған. Сауда орындарын ретке келтіру сатушыларға да, сатып алушыларға да қолайлы болмақ.

Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, министрлік жаңғырту бағдарламасына қатысушыларды қолдау шараларын әзірлеп жатыр. Әсіресе, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдеме беру шаралары қарастырылуда. Ол сондай-ақ базарларда заң нормаларына сәйкес келетін негізгі құрылымдар бар екенін атап өтті. Дегенмен, алып тастау қажет көптеген контейнерлер бар. Ал, кәсіпкерлерге мемлекеттік ведомстволардың басқа да өкілдері көмек пен жәрдем беруге уәде берді.