«Борышкер» жедел-профилактикалық шарасы жалғасып жатыр. Оның аясында берешегі бар тұлғаларға заң жүзінде шара қабылданады. Облыстың Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасында 13 мыңнан астам алимент бойынша іс-құжаттар қаралуда. 127 азамат қарыз бойынша ізделуде. Өңірлік Жеке сот орындаушылар, Әділет департаменті мен Құқық қорғау органдарының өкілдері облыс орталығы тұрғынының ізіне түсіп, көлігін айыппұл тұрағына қойды. Үлкен сомада төленбеген алименті бар азаматты «Сергек» камералары арқылы бақылауға алып, тоқтатқан.
Бауыр еті баласына арналған алиментті төлемей жүрген азаматтар көп. Жеке сот орындаушылар, Әділет департаменті мен Құқық қорғау органдарының өкілдері сондай өскемендік тұрғынның соңына түсіп, «Қорғау Сергек» жүйесі арқылы анықтады. Айта кетейік, қазір бұл жүйе Жеке сот орындаушыларына қолжетімді. Нәтижесінде 800 мың теңгеден астам төленбеген алименті бар азаматты қаладағы сауда үйлерінің бірінің адлында тоқтатты.
Әкімшілік айыппұлдар бойынша жыл басында шығысқазақстандықтардың 600 млн теңге қарызы болған. «Борышкер» жедел алдын алу шарасы нәтижесінде қарыз сомасы 200 млн теңгеге азайып, қазір 129 адамның 400 млн теңгеден аса берешегі бар.
Көбі жол-көлік ережелерін бұзғандар мен алимент төлеуден жалтарып жүргендер. Борышкерлердің автокөлігі қарызы өтелгенше арнайы автотұраққа қойылады. Әкімшілік айыппұлды өз еркімен төлемей жүрген көлік иелері тоқтатылады.