Биыл соғыс және еңбек ардагері Құсман Мақиұлының туғанына 100 жыл. Осыған орай Сағыр ауылында көшет отырғызылды. Ардагерді еске алуға елдің түкпір-түкпірінен қоғам қайраткерлері мен туған-туыстары жиналды.

Құсман Мақиұлы – 1924 жылы 2 мамырда Ұлан ауданы, Бестерек ауылында дүниеге келген. Колхоз басшысы, Аблакет ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1982 жылы 58 жасына өмірден өтті.

Сағыр ауылында Құсман Мақиевті еске алуға арналған тақта бой көтеріп, шыршалар отырғызылды. Ұлағаты мол шараны балалары мен немерелері ұйымдастырды. Еске алу кешіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәдібек Түгел Астанадан арнайы келген.

Өмірін елге, халыққа арнаған Құсман Мақиұлы мен жұбайы Шәрбану Құмарова 5 бала тәрбиелеп өсірді. Шәрбану Құмарова Сағыр ауылындағы Пушкин атындағы орта мектепте талай жыл ұстаздық еткен. Ол жастық шағын еске алып, білім ордасына барып қайтты. Ардақты ана, асыл жар Құсман Мақиұлы туралы естеліктерімен бөлісті.

Шараға алыстан келгендердің қатарында бөлесі Райхан Бейсенғалиева да бар.

Шара соңында жиналған қауым зират басына барып, құран бағыштады. Алыстан ат терлетіп келген көпшілікке ас берілді.