Өскеменде 150-ге жуық азамат интернет алаяқтықтың құрбаны болған. Келтірілген шығын көлемі 100 млн. теңгеге жуық. Қазіргі таңда алаяқтықтың бұл түрі белең алуда. Киберқылмыстың санын азайту үшін алдын алу шараларын жүргізу маңызды. Облыс орталығында сыбайлас жемқорлық пен интернет алаяқтықтың жолын кесуге бағытталған жиын өтті. Жиынға аймақтағы мектеп мұғалімдері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты.
Облыста интернет алаяқтықпен күрес белсенді жүргізіліп келеді. Киберқылмыстың алдын алу үшін полиция басқармасы арнайы бөлім жасақтаған.
Жиында қоғам дертіне айналған жемқорлық мәселесі де талқыға түсті. Оқу жылы аяқтала салысымен ата-аналар тарапынан білім саласына қатысты арыз-шағым саны артатын көрінеді.
2020 жылдан бері білім саласында 68 сыбайлас жемқорлық әрекеті анықталып, 58 қылмыстық іс қозғалған. Нәтижесінде 33 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Келтірілген шығын көлемі 221 миллион теңге.
Жемқорлықпен күресте қоғам саналы түрде бірлесе әрекет етуі тиіс. Әйтпегенде бармақ басты, көз қыстылық әрекеттерді түбегейлі жою мүмкін емес. Ұстаздармен, мемлекеттік қызметкерлермен кездескен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері жиынды осылай қорытындылады.