Биыл сәуір айында Қазақстан мен Ресей Федерациясы жылу электр орталығын салу туралы үкіметаралық келісімге қол қойған еді. Жоспарға сәйкес Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтары іске қосылады. Ал, олардың құрылысымен ресейлік «Интер РАО – Экспорт» пен «Самұрық-Энерго» ұлттық компаниясы айналысады.

Облыс орталығында жаңадан салынатын жылу электр орталығының құрылысына қатысты алғашқы жиын өтті. «Самұрық-Энерго» мен ресейлік «Интер РАО - Экспорт» компаниялары өкілдері, аймақтағы энергетикалық кәсіпорындар, Өскемен жылу желілері мекемесінің мамандары қатысты.

Жиында алдағы жоспарлар талқыланып, нысанның салынатын жері айқындалды.

Мамандардың айтуынша, техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу 2024 жылдың соңына дейін аяқталады.

Кездесу соңында тараптар Қасым Қайсенов кенті маңында нысан құрылысы жоспарланған орынға барды. Ал, қалада әлеуметтік нысандардың көптеп салынуына байланысты қолданыстағы ЖЭО-ның жай-күйі егжей-тегжейлі қаралатын болады.