Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін жақсарту мақсатында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және ауыл шаруашылығы өндірістік кешенін дамыту мақсатындағы кешенді шаралар қолға анылуда. Қазіргі кезде аймақта бірыңғай республикалық пулға енген 35 жобаны іске асыру жоспарда бар. Мәселен, өткен жылы инвестиция көлемі 81 млрд. теңге болатын 8 жоба пайдалануға берілген. Осы және өзге де мәселелер облыстық мәслихаттың 8 шақырылым депутаттарының кезекті 13 сессиясында талқыланды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жақсы. Мәселен, облыс экономикасы 3 пайызға, жалпы өңірлік өнім 14 пайызға өсті. Сессия барысында сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, туризм индустриясын дамыту жайы да айтылды. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетілетінін атап өтті. Айталық, Тарбағатай ауданында мыс комбинатын салу және Ұлан ауданында литий өндіру және өңдеу комбинатын салу жұмыстары қолға алынды.
Сонымен қатар инвестиция тарту бойынша көршілес Қытай елімен келіссөздер жүргізілуде. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында нақты жобалар бар. Сондай-ақ, жылпы құны 53 миллиард теңгені құрайтын агроөндірістік кешен бойынша 13 инвестиициялық жоба жоспарда бар.
Бұдан бөлек сессия барысында суармалы жерлерді ұлғайту жаңа технологияны енгізу, тұқым шаруашылығына тың серпін беру жайы да күн тәртібінде қаралды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту оның ішінде туризмді жандандыру басты мәселе екендігіне де тоқталды. Сөз арасында ауылдардағы жолдардың жай-күйі де назардан тыс қалмады. Халықты таза ауыз сумен қамту да кезек күттірмейтін мәселенің бірі.
Бұдан бөлек өңірде медициналық туризм дамиды, спорт кешендері бой көтеріп, «Қонақжай отбасы» жобасының ауқымы кеңейеді. «Мейірім» акциясы қайта қолға алынды.