А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада тағы бір ерекше кітаптың тұсауы кесілді. «Ақкөңіл» атты өлеңдер жинағының авторы Дәурен Қабдолданов. Артында қалған өлеңдерін, жырларын, ақынның ұлы Аян Дәуренұлы жинап, кітап етіп шығарған.
Дәурен Қабдолданов өзінің ақындық, әншілік, сал-серілік өнерімен халыққа танылған. Ел ішінде «Ақын Дәурен» деген атқа ие болып, қазақтың айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосты. Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді,- демекші, Аян Дәуренұлы әкесінің есімін ұлықтау мақсатында жыр жинағын құрастырып шығаруы – әке рухына тағзым деп біледі.
Дәурен Қабдолдановтың жырлары сан алуан тақырыпты қамтиды. Ақынның әрбір айтылған құнды сөздері, орамды ұйқастары мен әзілдері оқырманын өзіне еліктіріп, жетелеп отырады.
Кітап тұсаукесеріне Дәурен Абдрахманұлының жерлестері, сыныптас-достары, туыстары жиналды.