Парламент Мәжілісінің депутаттары Мақсат Толықбай мен Ринат Зайытов Күршім ауданы, Маралды ауылының халқымен кездесті. Басқосуда алтын өндіру фабрикасына қатысты мәселелер айтылды.

Фабрика салғысы келетін компания өкілдері жобаның қоршаған ортаға кері әсері жоқ дегенімен, тұрғындар мұнымен келіспейді. Жергілікті жұртшылықты мазалаған басты сұрақ – цианид. Ауыл тұрғындарының кейбірі кен өндіру технологиясында цианид қоспасын қолдануға қарсы екендіктерін жеткізді. Олар химиялық сұйықтық қоршаған ортаға, адам өміріне қауіпті деп есептейді. Мәжіліс депутаттары тұрғындарды алаңдатқан цианид қоспасын фабрика жұмысында қолданудың қоршаған ортаға зияны бар-жоғын анықтау үшін комиссия құру қажеттігін жеткізді.

Сонымен қатар тұрғындар биылғы 8 мамырда алтын фабрикасы салынып жатқан жерге басып кіріп, адамды жарақаттап, компанияның мүлкіне залал келтірді деген айыппен қамауға алынған азаматтарды босатуды сұрады. Бұл заң органдарының құзырындағы іс, сондықтан бәрі заң аясында шешілетіні түсіндірілді. Маралдының мәдениет үйінде өткен жиыннан кейін Мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарымен бірге кен өндіру орнын барып көрді.

Маралды ауылдық округінің әкімі Бауыржан Сеилханов халықты алаңдатқан мәселе шешімін табады деп сенеді.

Мәдениет үйіндегі және кеніш басындағы әңгімеден кейін ауыл тұрғындары Астандан ат терлетіп келген депутаттарға алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.