Облыс орталығында «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық концертті өтті. Концерттен түскен қаржы ақ қан ауруына шалдыққан 12 жасар Нұрсұлтан Қанашовтың еміне жұмсалады. Шараның өтуіне «Жан Ана» қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен қоғам белсенділері ұйытқы болды.

Қазақ қашанда жылағанды жұбатып, жығылғанды сүйеп, қолдан келгенше қолдау білдіретін дархан халық. Міне, өңір өнерпаздары да бір жағадан бас, бір жеңінен қол шығарып игі іске ат салысты. Шараға мұрындық болған «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің өкілдері.

Он екі жасар Нұрсұлтан кішкентайынан өнерге құштар. Бала кезден үлкен сахналарда ән шырқап, халықтың назарында жүргенді ұнатады, дейді анасы Арайгүл Камзина. Нұрсұлтанға төрт жыл бұрын ақ қан ауруы диагнозы қойылған. Қазақстандағы емханалардан ешбір көмек болмаған соң, жақында Түркия еліне ем алуға барады. Емге кететін қаражат көлемі 40 млн.

Өңір өнерпаздары мен қоғам белсенділері концертте Нұрсұлтан мен оның жақындарына қолдау білдірді.

Қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу - жомарттықтың белгісі. Жиналған көрермен концертке келіп ғана қоймай, игі іске өз үлестерін қосты.