Мемлекеттік кірістер департаменті "Атамекен" ҰКП, құқық қорғау және уәкілетті органдардың қатысуымен кезекті көшпелі отырыс өткізді. Бұл жолы мамандар Ұлан және Самар аудандарының кәсіпкерлерімен кездесіп, салық заңнамасындағы өзгерістер жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиынға келген жұртшылықтың қарасы қалың. Шараның мақсаты -тұрғындардың салық сауаттылығын арттыруға, әділ салық салуды қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге бағытталған. Бұдан бөлек, жиында салық заңнамасындағы өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде туризм объектілеріне салық салу, жалпыға бірдей декларация тапсыру және мобильдік аударымдар жайлы тақырыптар қозғалды. Облыстың төрт аймағында өткен семинар аясында бірқатар әлеуметтік мәселе анықталды.
Облыс аумағында 307 демалыс орны тіркелген. Олар өткен жылы 1,5 млрд. теңгеден астам салық төленген. Ал биыл алты ай ішіндегі көрсеткіш 550 млн. теңгеден астам.
Мұндай семнарлардың ұйымдастырылуы шағын және орта бизнес өкілдеріне тиімді, заңнамадағы өзгерістер жөнінде тың ақпарат алдық дейді, жеке кәсіпкер Тимур Нұрғазин.
Көшпелі жиында Ұлан және Самар ауданы тұрғындары көкейлерінде жүрген сауалдарына толыққанды жауап алды. Семинар соңында қатысушыларға салық салу, жалпыға бірдей декларация бойынша жадынамалар таратылды.