Алтай қаласының ардақты соғыс ардагері Василий Рудометов үшін ерекше тарту жасалды. 97 жастағы зейнеткер тұратын аумаққа тасжол төсеп берді. Бұған дейін болған қара жол жаңбыр жауса лай-батпаққа айналып, жүруге қиын еді, дейді жұрт.

Майдан жылдарында жауынгерлік ордендермен және медальдармен 100 мыңнан астам қазақстандық марапатталды. Соның ішінде есімі облысқа белгілі Алтай ауданының тумасы Василий Рудометов та бар. Торқалы тоқсаннан асса да санасы сергек, қимылы ширақ. Таза ауада серуен құруды жақсы көреді екен. Қала әкімімен өткен бір кездесуде ақсақал үйіне апарар жолдың сапасына шағымданған. Көп күттірмей мәселе міне шешімін тапты.

Ғасырға жуық жасаған Василий Рудометовтай адам аз. Тіпті ол бүгінде Алтай ауданындағы жалғыз соғыс ардагері саналады.

Айта кетейік, Алтай ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы да жүзеге асырылуда. Онда әрбір қала тұрғыны жаңа нысандар салуға немесе абаттандыруға қатысты өз ұсынысын енгізе алады.

Дауыс беруге электрондық үкімет сайтында «Халық қатысатын Бюджет» бөліміне кіріп қатысуға болады.