Өскеменде өңірдегі жастар ресурстық орталық директорлары мен мамандарына арналған семинар-тренинг өтті. Кездесуде лудомания, қарыз алу, есірткімен күрес және басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Бұдан бөлек, NEET санатындағы жастармен жұмыс істеу тәртібі жайында сөз қозғалды.

Аймақтағы Қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған семинарда жұмыссыз жастардың мәселесі талқыланды. Жиында қатысушыларға NEET санатындағы азаматтармен жұмыс істеу тәртібі, олардың белсенділігін арттыру, тың технологияларды пайдалануды жайында ақпарат берілді.

Кездесуге Алматы және Астана қалаларындағы жастар ұйымы басшылары да қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, сұрақтарына жауап берді. Семинарда мобилография, интернет-контент, әлеуметтік желілерді жүргізу тақырыптары да талқыланды.

Облыс орталығында өткен семинар-тренингке қатысушылар жастармен жұмыс істеудің жаңа тәсілін үйреніп, замануи технологияны меңгеріп қайтты.