Өңірде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін биыл 766 пәтер сатып алынады. Алайда, бұл тұрғын үй тапшылығы мәселесін толығымен шешпейді. Мысалы, Өскеменде тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны 14,5 мың адамды құрайды. Барлығы көптен күткен пәтерлерін алу үшін жылдар бойы кезекте тұруға мәжбүр. Осыған байланысты тиімді шаралар қабылдау қажеттілігі туындап отыр.
Экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы Мемлекет басшысы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін ұлғайту міндетін жүктеді. Биыл аймақта 13,5 млрд.теңге сомасына көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар және халықтың әлеуметтік осал тобы санатына жататын азаматтар үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алынады. Барлығы – 766 пәтер. Оның ішінде «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 156 пәтер алынбақ. Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап апатты және тозығы жеткен деп танылған үйлердің 228 пәтер иесі жаңа тұрғын үй алады.
Ауылдық жерлерге білікті мамандарды тарту, жағдай жасау үшін тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасының жобасы әзірленді. Білім беру, денсаулық сақтау, ТЖ, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар салаларында барлығы 409 бос жұмыс орны бар.
Өскеменде тұрғын үй алуға кезекте 14,5 мың адам тұр. Өңір басшысы Ермек Көшербаев қысқа мерзімде кезекте тұрғандардың тізімін жариялауды тапсырды. Бұл шара тұрғындарға кезектеріндегі жылжуды көруге мүмкіндік береді әрі тұрғын үй бағдарламасын орындаудың ашықтығын арттырады. Сондай-ақ, облыс әкімі ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды. Ол үшін бизнес саласының өкілдерін тартуды ұсынды. Облыс әкімінің айтуынша, өңірде аталған санатты қолдауға бағытталған «Мейірім» әлеуметтік жобасы табысты жүзеге асырылуда. Айта кетейік, бүгінгі таңда 117 балаға жоба аясында көмек көрсетілді.