Тұңғыш рет Өскеменде Дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты басталды. 3-7 шілде аралығында өтетін додаға қатысушылардың саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Чемпионатқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 300-ге жуық спортшы келді.

Жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі садақ атудан ел біріншілігі ҚР Туризм және спорт қауымдастығының, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Ұлттық спортты жаңғыртуды басты мақсат еткен «Oskemen sadag atu» дәстүрлі садақ ату федерациясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ажар Төлеуқанова турнирді ұйымдастырушылардың бірі.

Жарыс үш түрлі нысана негізінде өткізіледі. Олар – Пута, Қалқан және Жамбы нысанасы.

Жастайынан спортқа етене жақын болып өскен Ажар Асқар бұл додаға тек жеңіс үшін келгенін айтады.

Ел біріншілігінде үздік атанғандар ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Кейін халықаралық додада ел намысын қорғайтын болады.