Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «AMANAT» партиясының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жалғасын табуда. Туған жердің табиғатын қорғап, қоршаған ортаның тазалығына мән беруге үндейтін бұл бастама жергілікті халықты да бей-жай қалдырмауда. Жер-жерде өткізіліп жатқан акциядан Катонқарағай ауданы да қалыс қалмауда. Табиғаты келген адамды бірден баурап алатын бұл жердің сұлулығын тамашалап, тау-тасын аралауға келген туристер жыл өткен сайын артып келеді. Сондықтан, туристік аймақтың таза болуы да аудан жұртшылығы үшін маңызды.

Бұл күні Катонқарағай ауылының тұрғындары аудандық әкімдік алдына жиналып, экологиялық акцияға өз үлестерін қосты. Ауылдың көзкөргендері ізгі тілегін жеткізсе, жергілікті билік өкілдері жиналғандарға сәттілік тіледі.

Әр мекеме қызметкерлеріне, белсенділерге белгілі бір аумақ бөлініп берілді. Бірі көше бойын тазартса, енді бірі Катонқарағайға кіре берісте буырқанып ағып жатқан Сарымсақ өзені жағалауындағы қоқысты жинады. Бұдан бөлек ауыл ішіндегі өзге де аумақтарда тазалық жұмыстары қолға алынды.

Көктемде бастау алған шара ауданда әр апта сайын жоспарға сай белгіленген кесте бойынша жүзеге асырылуда.

Заңғар таулары алыстан менмұндалап тұрған туристік аймақ үшін осындай шаралардың жиі ұйымдастырылуы маңызды. Себебі, қоршаған ортаны қорғау осы тазалықтан басталады. Қоғамда экологиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.