Елімізде 2018 жылдан бастап шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні тойланып келеді. Домбыра - бұл музыкалық аспап қана емес, ұлттық қазына. Ата-бабаларымыз ертеден бастап осы қос ішекті домбыраның үні арқылы қуанышты да, қайғыны да жеткізе білген. Айтулы күнді Өскемендіктер Жамбыл саябағында ерекше атап өтті.
Мерекелік кеште Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Alem sazy» вокалды аспаптық және «Алтай» халық би ансамблідері өнер көрсетті.
Домбыра қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген, күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Елімізде қасиетті қара домбыраға деген құрмет ешқашан төмендеген емес.
Тамыры мен тарихы тасқа таңбаланған, қазақ елінің болмысы мен өркениетінің куәгері саналатын домбырашылардың өркениетке қосқан үлесі зор. Кешегі батыр бабаларымыз бен ақын аталарымыздың серігі болған бұл аспапты ұлықтау бүгінгі ұрпақ міндеті.