Өскеменде арқан тартудан республикалық турнир өтті. Бірнеше күн бойы елдің түкпір-түкпірінен келген командалар өзара мықтыны анықтады. Шығыс өңірінде бірінші рет ұйымдастырылып жатқан жарыс жайында

келесі бейнематериалда.

Арқан тарту – ежелден келе жатқан түркі халықтарына тән спорттық ойын түрі. Бүгінде бұл спорттың тасы өрге домалап тұр. Аймақта алғаш рет өткен жарысқа ел аумағынан сегіз команда жиналды. Сайыстың мақсаты – осы ұлттық спорт түріне көпшіліктің қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау.

Бұл бағыт әлемнің 75 елінде ресми спорт ретінде тіркеліп, жүйелі жұмыс істеп келеді. Тіпті халықаралық арқан тартыс федерациясы да бар. Аталған дода биыл біздің елде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі бағдарламасына енген. Сондықтан турнирге қатысушы командалардың барлығы білегінің күшімен топтың алды болуға барын салды.

Жарыс жеңімпаздары арқан тарту ережесіне сәйкес жинаған ұпайлары бойынша анықталады. Ел біріншілігінде топтың алды болған жігіттер ұлттық құрамаға өте алады. Олар оқу-жаттығу жиындарына қатысып, күзде өтетін көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды.