Шекара шебінде орналасқан Катонқарағай ауданының туристік әлеуеті зор. Көкпен таласқан заңғар таулар, қарағайлы ну орман, сарқырып аққан өзендері, көк майсаға оранған көз қиыры жетпес кең даланың әдемі көрінісі кез-келген туристі бірден өзіне баурайды. Соңғы жылдары туризм саласына қыруар ақша құйылып, түрлі инвестициялық жобалар жүзеге асты. Алыс-жақын шетелдерден келетін демалушылар қатары да артқан. Қазіргі кезде бұл ауданда емдеу-сауықтыру, ауылдық, мәдени-танымдық, этникалық, экологиялық, спорттық саяхат түрлері дамуда.

Ауданда емдеу-сауықтыру бағытында жұмыс істеп келе жатқан бірнеше демалыс орындары бар. Солардың бірі – «Баян» пантамен емдеу кешені. Осыдан 17 жыл бұрын негізі қаланған кешен аумағында туристерге арналған арнайы үйлер, асхана, ем қабылдау бөлмелері бар. Кешенге іргелес жатқан аумақ түгелдей қоршалған. Өйткені, ол аумақты маралдар мекендейді.

Бұдан бөлек биыл туризм саласына инвестиция тарту мақсатында ауқымды жұмыс қолға алынды. Туристік кластерді жолға қою үшін кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен де бірқатар жобалар іске асырылуда.

Аудандағы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағы жағынан еліміздегі ең үлкен қорғалатын аймақ. Оның ауданы 640 мың гектардан асады. Флора мен фауна алуантүрлі. Олардың арасында Қызыл кітапқа енген түрлері де бар. Парк аумағында талай туристің таңдайын қақтырған тарихи-мәдени орындар жетерлік. Әсіресе, экотуризмді дамыту бағытына басымдық берілуде.

Бүгінде ұлттық табиғи парк аумағында туристерге арналған 14 машрут жұмыс істеп тұр. Жоспарға сай 15 маршрутты іске қосу қолға алынды. Ол маршрут Аршаты ауылынан басталып Бұқтырма өзенін бойлай жүріп отырады. Жоспар бойынша алдағы 5 жылда туризмді дамытуға 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылмақ.