Қарапайым ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін, туған өлкенің табиғатын шығармаларына арқау еткен Оралхан Бөкей әдебиет әлемінде өз өрнегін салып кеткен заңғар жазушы. Оның шығармаларындағы адам, табиғат, өмір сырлары бір-бірімен сабақтасып жатыр. Тылсым табиғаттың таңғажайып құпиялары да оның туындысынан көрініс тапқан. Бүгінде өзі туып өскен Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылындағы үйі көптің іздеп келіп, шөлін қандыратын рухани орда.
Оралхан Бөкейдің кіндік қаны тамып, бал балалығы өткен, қалам ұстап, талай шығарма жазған Шыңғыстай аулындағы үйі бүгінде мұражай. Жыл сайын осы жердің табиғатын тамашалауға келетін туристер құт мекенді де айналып өтпейді. Әсіресе, әдебеитке, өнерге жақын оның шығармаларымен таныс жандар келеді.
Мұндағы әр затты көзінің қарашығындай сақтап, қарап отырған Динара Бекжанқызы. Келушілерді жылы қабақ танытып қарсы алады. Үйді аралатып, Оралханның қолының ізі қалған әр затты сипаттап айтып береді. Ол үшін бәрі ыстық, бәрі қымбат.
Мұражайға кіру тегін. Мұндағы әр зат сол өткен күндердің сырын сақтап, жылы бір естеліктің кілтін ағытады. Өткен жылы 80 жылдық мерейтойында сыйға берілген құнды дүниелер де осында сақтаулы.