Жылыту маусымындағы мәселелердің бірі – көмір тапшылығы мен оның қымбаттауы. Одан қалса, қатты отынға ұзын-сонар кезек те көбейеді. Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Ал тұрғындар жағы қатты отынның бағасы жазда арзан әрі кезексіз сатып алуға болатындығын білмей жатады,дейді жауапты сала мамандары. Өңірде көмір қоры жеткілікті ме? Күзде дүрлігуді болдырмау үшін қандай жұмыстар жүргізілуде? 

Халықты қатты отынмен қамтамасыз ету жылдағы өзекті мәселе. Қыс басталысымен қайталанатын жағдайдың алдын алу үшін мамандар қарқынды жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда күзгі-қысқы маусымға жалпы қажеттілік 3 млн. тоннаны құрайды. Оның ішінде тұрғындар үшін 440 мың тонна көмір қажет.

Бүгінгі таңда бір тонна көмірдің бағасы 15 500-бен 22 000 теңге аралығында. Ал әлеуметтік осал топ санатындағылар қатты отынды арзандатылған бағамен сатып ала алады.

Қазіргі уақытта темір жол тұйықтары бар қалалар мен аудандарда көмір өткізуді 21 өңірлік оператор жүзеге асырады. Сондықтан мамандардың айтуынша, өңірде қатты отын қоры жеткілікті.

Сала мамандары тұрғындарды ерте бастан қамданып, көмірді қазірден сатып алуға шақырады.