Тарбағатай ауданы, Қабанбай ауылында жаңа қатымхана қолданысқа берілді. "Жанашыры болса - ел тозбайды, азаматы болса - ел азбайды" дегендей жамағат жиылатын орын ауыл азаматтары мен демеушілердің арқасында салынған. Мекеменің ашылуына қабанбайлықтар тайлы-таяғы қалмай жиналды.

Қабанбай ауылында үлкен қуаныш. Алла үйінің ауласынан жамағат үшін аса қажет тағы бір нысан бой көтерді. Енді құдайы тамақ, ас, ауызашар да осында өтпек. Қатымхана бір уақытта 300 адамды қабылдай алады. Сауапты іске бастама болып, жұрттың алғысына ие болған осы ауылдың тумасы, меценат Берік Әділбекұлы.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген қабанбайлықтар қатымхананың құрылысына бір атаның баласындай ат салысқан. Бірі үйіндегі техникасын көмекке жіберсе, енді бірі малдай берген. Тағы біреулер жұмысшылардың ас-суын дайындап беріпті.

Игі іске қолдау білдірген Берік Әділбекұлына жерлестері қазақтың дәстүрімен иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.

Қатымхананың есігі кез-келген ауыл тұрғыны үшін ашық. Той –думаннан өзге барлық діни мерекелерді осы жерде атап өтуге болады. Тегін әрине. Берекесі мен бірлігі жарасқан Қабанбай ауылы жылдан жылға дамып, көркею үстінде. Оған дәлел ауылда жолдардың жөнделіп, жарық шамдардың орнатылуы. Бұдан мешіт, қатымхана, медпункт, жастар саябағының ашылып, халық игілігіне қолданысқа берілді.

Береке-бірлігі жарасқан, татулықты ту етіп ұстаған ауылдың бұл бастамасы өзге елдімекендерге үлгі болса игі.