Мамыр айында еліміздің оңтүстік өңірінен отызға жуық тұрғын Шығыс Қазақстан облысына арнайы сапармен келіп, жер шалып қайтқан болатын. Сол сапарда ауданды ұнатып қайтқан тұрғындардан бес отбасы түбегейлі Күршім ауданына қоныс аударған. Оның ішінде екі отбасы Теректібұлақ ауылына көшіп келді.

Мейірхан Қалмұрзаев бұған дейін Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданында тұрған. Бірақ басыбайлы баспана мен тұрақты жұмысы болмады. Сондықтан ол мемлекеттік бағдарламаға қатысып, шығысқа бет бұрды. Қазір Қүршім ауданындағы Абай ауылдық округіне қарасты Теректібұлақ ауылында отбасымен бірге тұрып жатыр. Ол үшін жаңа қоныс, жаңа өмірдің бастауы. «Ерінбей еңбектенсең тұрмысты түзеп алуға бұл жерде мүмкіндік жеткілікті» дейді жас жігіт.

Көшіп келушілерге аудан әкімдігі мен Теректібұлақ ауылының белсенді азаматтары қолдау көрсетіп, қоныстануына жағдай жасап жатыр. Оңтүстіктен келген көш бала санының аздығынан жабылудың аз-ақ алдында тұрған ауыл мектебінің үміт шырағын жақты. Сонымен қатар оңтүстіктен келген көшпен бірге мектепке керек мамандар да келді.

Құтты мекенге қоныс аударғандардың қатарында Нұрсұлтан Қойлыбаев та бар. Жары Жұлдыз екеуі үш баласын ертіп Түркістан облысы Түлкібас ауданынан шығысқа көшіп келуге бел буған. Баспаналы болып, алдағы уақытта белгіленген субсидия қаражатын да алады. Жұмысқа да орналасады. «Мұның бәрі оңтүстік өңірдегі бос орындар жәрмеңкесінен басталды», - дейді ерлі-зайыптылар.

Көшіп келушілер қоныс аударатын жерлерде кемінде бес жыл тұру тиіс. Егер осы кезеңде олар аймақтан көшкісі келсе, онда алынған барлық қаражат мемлекетке қайтарылуы тиіс. Қоныс аударушыларды жұмыспен, баспанамен қамтуды жұмыс беруші жақ мойнына алады. Мемлекеттік органдар болса осының бәрін қадағалау керек.

Жалпы өңірге ерікті түрде қоныс аударушылар 2017 жылдан бері көшіп келіп жатыр. Сол уақыттан бастап күні бүгінге дейін Күршім ауданына еңбек күші артық өңірлерден 44 отбасы қоныс аударған. Осылайша, ауданға оңтүстіктен тұрғындарды көшіріп әкелу жұмысы жалғаса бермек.