Өр Алтай. Қойнауы бізге белгісіз қаншама жұмбақ сырды ішіне бүгіп жатыр. Тас боп үйілген обалар, таңбалы тастар, киелі жерлер өткен ғасырлардың жансыз, тілсіз куәгерлері іспеттес. Археолог ғалымдардың өз зерттеулерінде Алтайды таңдап алуы кездейсоқ дүние емес. Тәуелсіздің алғаннан кейін 1997-1998 жылдары басталған археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Берел қорғандарынан табылған жәдігерлер тарих беттеріне алтын әріппен жазылған жаңалық болды. Бүгінде сол жерден табылған заттар Берел мемлекеттік мәдени-тарихи қорық-мұражайында сақтаулы. Оларды тамашалауға жан-жақтан келетін туристер қатары жыл өткен сайын артуда.

Мұражайға әсіресе жаз айларында күніне 200-300 жуық турист келеді. Оларға экскурсаводтар Берел қорғандарынан табылған жәдігерлер туралы ақпарат береді. Ғалымдардың айтуынша қорымдағы обалар б.з.д. 4-3 ғасырларда, яғни осыдан 2500 жыл бұрын үйілген .

Белгілі археолог Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен Берел қорғандарына жүргізілген зерттеу әлі де зерделеніп жатыр. Әсіресе, 11 қорғаннан табылған құндылықтар әлем назарын өзіне аударғаны жасырын емес. Киімдері алтынмен безендіріліп, бірге табылған 13 аттың әбзелдері де ерекше стилдегі түрлі әшекейлермен көмкерілген.

Музейдегі заттарға күтім жасау маңызды. Өйткені, олардың басым бөлігі органикалық зат болғандықтан оны белгілі бір температурада сақтау керек. Мұражай өзге рухани ордалардан қорындағы органикалық түпнұсқа заттардың ерекшелігімен дараланады. Осындағы әр затқа көзінің қарашығындай қарайтын «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Алмас Сарбасовтың болашақта жүзеге асуы тиіс жоспарлы жұмыстары өте көп.

Береледен табылған бірегей жәдігерлер бүгінгі күннің тың жаңалығы болса, ол жердегі беймәлім сырлар талай ғасыр өткен соң тарихтың тағы бір парағын келер ұрпаққа қайта ашары сөзсіз.