Ауыл шаруашылығы саласында жаңа өнім дайындау үшін көп еңбек керек. Мамандар жаңа тұқым сұрыбын шығаруда түрлі тәжірибеге барады. Осы ретте Глубокое ауданының Винное ауылында «Агроға сенетіндер үшін» деген ұранмен «Дала күні» шарасы ұйымдастырылды. Мұнда «Aitas Agro» агрохолдингіне кіретін элиталық тұқым шаруашылығы – «Милейко» ЖШС орналасқан.
«Дала күні» еліміздің астықты аймақтарында биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Дегенмен, осы жылғы шараның ерекшелегі – бұл жолғы «Дала күні» халықаралық мәртебеге ие. Бұл күні ашық аспан астындағы алаңда қонақтар назарына 40-тан астам өсімдік сорты мен будан ұсынылды. Олардың дені – Франция, Германия, Канада, Чехия, Ресей мен Украинадан әкелінген бидай, күнбағыс, соя, сорго тұқымдары.
«Aitas Agro» холдингі цифрлық шешімдерді енгізудегі озық тәжірибесімен танымал. «Дала күні» аясында шара қонақтарына сондай жаңалықтың біразы таныстырылды. Сондай-ақ, келушілерге әлемнің түкпір-түкпірінен жинаған керемет генетика үлгілерін ұсынды.
Шараға қатысушыларға түрлі ұтыс ойындар ойнатылып, концерттік бағдарлама да ұсынылды.
Биыл «Aitas Agro» агрохолдингі күнбағыс будандарын өндірумен айналысуда. Аналық өсімдіктерді ойдағыдай тозаңдандыру үшін кәсіпорын агрономдары Голландиядан шыққан жеңіл әрі мобильді ұяларда шоғырланатын тозаңдандырғыш бал арасын сатып алуды ұйғарыпты. Бұл еңбекқор жәндіктер де «Дала күнінде» таныстырылды.