Өңір басшысы Ермек Көшербаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен және бірқатар делегация мүшелерімен дөңгелек үстел өткізді. Кездесу барысында Алматының инвестициялық мүмкіндіктері, "Smart city" бастамасы аясындағы инновациялар, қауіпсіздік жөніндегі өңіраралық әріптестік, қоршаған ортаны қорғау және "жасыл экономиканы" дамыту саласында тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы сияқты көптеген тақырыптар көтерілді. Нәтижесінде қос тарап екіжақты меморандумға қол қойды.

Шығысқа іссапармен келген оңтүстік астананың өкілдері облыстың даму перспективаларына тәнті болды. Жиында өңір басшысы облыстың өнеркәсіптік қуатын, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және туристік әлеуетіндегі мүмкіндіктерді пайдалана отырып өзара тиімді байланыстар орнату әріптестікті одан әрі нығайтуға және қарқынды дамуға ықпал ететінін атап өтті.

Алматы әкімінің айтуынша, шаһардың өткен жылғы азық-түлік тұтыну көлемі 1,8 миллион тоннаны құраған. Бұл 4,2 миллиард АҚШ долларынан асады. Өздерін қызықтырған шығысқазақстандық бірнеше тауар өндіруші кәсіпорындардың жұмысына қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы Алматы нарығына шығатын облыс кәсіпкерлерін субсидиялау ниеті туралы да хабардар етті. Мақсаты – халықты қолжетімді бағамен және өнімнің тұрақты жеткізілуімен қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, кездесуде туристік сала жайы да сөз болды. Делегация мүшелері Алматы туристік фирмаларымен бірлесіп трансшекаралық және әріптестік маршруттарды дамыту идеясына қызығушылық танытты. Кездесу соңында шаһар басшылары өңірлердің экономикасы мен қоғамдық өмірінің түрлі салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық туралы бірлескен құжатқа қол қойды.