Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Әлішер Сатыбалдиев пен «Алматы» ӘКК басқарма төрағасы Қанат Балықбаев Өскемен қаласына арнайы келді. Бұл жолы келген меймандар облыс орталығындағы кәсіпорындар мен көкөніс майын өндіретін зауыттың құрылыс барысымен танысты.
Ең бірінші делегация құрамы Өскемендегі «Эмиль» кәсіпорнына бас сұқты. «Эмиль» 1993 жылы құрылған сүт өнімдерін өңдеу және өндірумен айналысатын 30 жылдық тарихы бар ірі кәсіпорын. Сүт, қаймақ, айран, ірімшік, май секілді 120-дан астам өнім түрлерін шығарады.
Одан соң алматылықтар «Алтай» көтерме-тарату орталығында да болды. Онда қазір көкөніс қоймасын салу жұмысы жүргізілуде. Мұнда тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға арналған орындар қарастырылған. Орталықтың сауда аймағы алты бөлімге бөлінбек. Ол: ет, балық, көкөніс пен жеміс, сүт және нан өнімдерінің бөлімдері.
Аталмыш ошақтарды аралаған делегация құрамы алдағы уақытта да кәсіпорындармен серіктестікті жалғастырып, жұмыстарды жандандырмақ.