Қалада тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындық жұмыстары сәуір айында басталған. Бүгінде көп қабатты тұрғын үйлердің 40 пайызы толықтай дайын. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары көрсеткіш дейді жауапты мамандар. Жоспар бойынша қалған жұмыстар тамыз айының соңына дейін аяқталуы тиіс.
2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына уақтылы және сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында 6 маусымнан бастап аумақтық басқару орталығында апта сайын штаб отырыстары өткізіледі. Штаб құрамында жылу беру желісінің мамандары, ТҮКШ және тұрғын үй қатынастар бөлімі өкілдері бар. Отырыста бекітілген уақыттан кешіктірілген жұмыстар мен түйткілді мәселелер қаралады деді жауапты мамандар.
Десе де қол байлау болып тұрған мәселе де жоқ емес. Тұрғындардың міндетті төлемдерді уақытылы төлемеуі өз кезегінде жертөледегі құбырларды ауыстыруға, кіреберіс терезелерін жаңарту сияқты жұмыстарға кедергі келтіреді. Сонымен қатар, кооператив төрайымы тұрғын үйді пайдалануға төленетін тариф сомасы төмен болғандықтан, аула сыпырушы, дәнекерлеуші сияқты мандарды жұмысқа алуда қаражат жағынан қиындық туындайтынын жасырмады.
Аталған кооператив қарамағында 36 көп қабатты тұрғын үй бар. Оның 27-сі қыс мезгіліне әзір. Қалған 9-ында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бульвар Гагарин 6 мекенжайындағы көп қабатты тұрғын үй жұмыстарды алғашқы болып аяқтағандардың бірі. Үйдің жылу құбырлары толықтай жөнделіп, жылу шығынын есептейтін құрылғы орнатылған.
Аталмыш жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Жылыту маусымына дайындық мәселелері жауапты мамандардың жіті бақылауында.