Өскеменде ТЖД қызметкерлері дүниежүзілік суға батудың алдын алу күніне орай қауіпсіздік акциясын өткізді. Шараның басты мақсаты - су айдындарын бақылап, тұрғындарға жабдықталмаған жағажайларда суға түсуге болмайтындығын түсіндіру.

Сала мамандарының айтуынша қауіпсіздік шараларын алдын алу мақсатында 2000-ға жуық рейд ұйымдастырылған. Суға түсуге бейімделмеген жағажайларда шомылу фактісімен ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364 бабына сәйкес 60-қа жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылыған. Аймақта суға шомылу маусымы басталғалы бері 1 адам суға кетіп, қаза тапқан.

 ТЖД мамандары рұқсат етілмеген су айдындарында да қауіпсіздік шараларын қолға алған. Шығыс Қазақстанда барлығы 22 шомылуға рұқсат етілген орын бекітілген. 74 жағажайда суға түсуге тыйым салынған. Құтқарушылар аталмыш су айдындарында қауіпсіздік шараларын маусым соңына дейін қадағаламақ.

Айта кетейік Өскемен жұртшылығы «котлаван» деп атап, сүйікті демалыс орынына айналған су айдыны да демалуға рұқсат етілмеген жағалаулардың бірі. Аталмыш демалыс орнына облыс әкімі Ермек Көшербаев барып жағажайдың жай күйін көріп қайтты. Өзекті мәселеге өзі кіріскен өңір басшысы жағажайды жабдықтау жұмыстарын бірден бастап кетуді тапсырды. Бұл үшін алдымен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары судан сынама алып, тексеру жұмыстарын жүргізуі тиіс.