Облыстық әкімдік пен «Отбасы банк» екіжақты меморандумға қол қойды. Меморандумның мақсаты – шағын қалаларға қолдау көрсете отырып, халық санын арттыру. Жыл басында екі тарап бірлесіп, шағын қалалардың тұрғындары үшін жеңілдетілген несие жобасын әзірлеген болатын. «Шығыс маманы» бағдарламасына қатысушылар үшін бастапқы жарна 10%, несие мөлшерлемесі 6%-ды құрайды. Несиенің максималды сомасы 20 миллион теңгеге дейін.

 «Отбасы банкі» арқылы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудің бірнеше бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – «Шығыс маманы» жобасы. Бағдарлама шағын қалалардағы мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы білікті кадрларды тарту мақсатында құрылған.

Жеңілдетілген шарттар бойынша тұрғын үйді Алтай, Риддер, Шемонаиха, Зайсан және Серебрянскта тұратын азаматтар сатып ала алады.

 «Отбасы Банк» АҚ – еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Аталған банк осы уақытқа дейін көптеген азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етіп келеді.