Аймақтағы Бұқтырма су қоймасында салынып жатқан көпірдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Қос жағалауды байланыстыратын нысан құрылысы 2021 жылы басталған. Ол еліміздегі ғана емес, Орталық Азия бойынша ірі нысанның бірі болмақ. Тұрғындар асыға күткен көпір жоспар бойынша биыл қазан айының соңында пайдалануға берілмек.

Күршім, Марқакөл, Тарбағатай және Зайсан аудандарын Самар ауданымен және облыс орталығымен тұрақты байланыстыратын нысанның стратегиялық және әлеуметтік маңызы зор. Аймақтың көлік-логистикалық инфрақұрылымын жақсартатын көпірдің ұзындығы 1316 метр, ені 13, ал биіктігі 18 метр болмақ. Тәулігіне 20 мың көлікке дейін қатынайтын көпір үстінде екі жолақты жол салынады. Көпір салынса тұрғындардың жолға кететін уақытын үнемделмек.

Көпірдің су астындағы тіректері 40 метрден астам тереңдікке кетеді. Жауапты мамандардың сөзінше, жұмысшылар да, техника да, қаражат та жеткілікті. Қазір жұмысшылар екі ауысымда жұмыс істеуде. Жауапты нысан болғандықтан, құрылыстың аяқталу уақыты мен сапасы мамандардың жіті бақылауында.

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының аяқталуы-Шығыс Қазақстан үшін маңызды оқиға. Көпір қолданысқа берілген соң шалғай аудандардағы ағайындардың бір-бірімен қатынасуы жеңілдемек. Қазір жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.