10 тамызда ақын, ағартушы және философ Абай Құнанбаевтың туғанына 179 жыл толады. Атаулы дата қарсаңында Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада балаларға тоғызқұмалақ ойыны ұйымдастырылды. Бұл іс-шара қазақ халқының ойшылы және қоғам қайраткері Абай Құнанбаевты еске алу және оның рухани мұрасын дәріптеу мақсатында өткізілді.
Шараның ашылу салтанатында кітапхана өкілдері Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша баяндама жасап, оның қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Көрнекті ойшыл, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигінің мол мұрасын дәріптеп, тың деректерді жас оқырмандарға таныстырды. Танымдық викториналық сұрақтармен балалардың ақын жайлы білімдерін нығайтты.
Ақыл-ойды дамытуға тоғызқұмалақ ойынының пайдасы зор. Шараның мақсаты - Әл-Фараби, Абай сынды ойшыл бабаларымыз ойнаған ұлттық ойынға ұл-қыздарымыздың қызығушылығын арттыру.
Ойынға қатысқан балалар жазғы демалыстарын құр өткізбей, танымдық іс-шараға қатысқандарына қуанышты. Олар ұлттық спорт түріне аса қызығушылық танытып, үйірмеге үзбей келетіндерін жеткізді. Арасында облыс бойынша ойын үздіктері де табылды.
Балалар ақын мұрасына арналған кітап көрмесімен танысып, танымдық геймификация ойыны арқылы білімдерін байытты. Бұл Абай Құнанбаевтың 179 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралардың бір бөлігі ғана болды. Мұндай рухани маңызы зор шаралар әлі де жалғаса береді деді кітапхана қызметкерлері.