Ол қараңғы түнектен жарық сәуле іздеді, болашақ ұрпақ үшін ертеңгі күнге деген үмітін жоғалтпады. Мыңмен жалғыз алыса жүріп, өз заманының өмір шындығы мен халықтың мұңын жүрегімен жеткізе білді. Абай жазған әр шығармада философиялық мән-мағына бар. 10 тамыз дана тұлға, дара тұлға Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күні облыс орталығындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ақын рухына жиналғандар құрмет көрсетті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл шараға аймақ басшысы, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар кемеңгер ойшыл туралы ойларын ортаға салды.
Оның әр шығармасын оқыған адам өзіне рухани азық алары сөзсіз. Өйткені, ақынның мағыналы, түсініп оқыған адамға ой салар шығармалары құнды қазына.
Абайдың мол әдеби мұрасын бүгінгі ұрпаққа таныту маңызды. Сондықтан да осындай шаралардың берері мол.
Бұл күні облыстық А.С.Пушкин атындағы кітапхана қызметкерлері «Абай - дана, Абай - дара қазақта» әдеби көрмесін ұйымдастырды. Кітапхана қорындағы кітаптар көпшілікке таныстырылды.
Артына өшпес із қалдырған Абай мұрасы мәңгілік. Ол жаққан сәуле ешқашан сөнбесі анық.