Шығыс Қазақстан облысында 54-нші республикалық «Қазақстан оқушысы-2024» көпкүндік ашық республикалық веложарысы басталды. Тартысты жарысқа әр өңірден келген жас спортшылар қатысып, бақ сынауда.

 «Қазақстан оқушысы -2024» веложарысы 7 кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің өз тәртібі бар. Сондықтан, барлығы әр спортшының жарысқа дайындығы мен бағына байланысты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін жарыстың мақсаты - балалар мен жасөспірімдер арасында осы спорт түрін насихаттау және дамыту. Сонымен қатар, еліміздің намысын тартысты додаларда қорғайтын құрама командалар резервін қалыптастыру. Әр кезең ережесіне сәйкес қатысушылар шамамен 90 шақырым жерді еңсерулері керек.

Жарыстың бас төрешісі - Сергей Бредихин. 1970 жылы өткізілген веложарыстың алғашқы қатысушысы. Бүгінде жарты ғасырлық тарихы бар жарыс барысын барлық мемлекет бақылайтындығын айтады.

Ұлан Мұратов веложарысқа қатысып, бағын сынап жатқан жас спортшылардың бірі. Жерлесіміздің арманы - биік шыңдарды бағындыру.

Жарыстың жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 19 тамызда өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша дәстүрлі веложарыс келер жылы да жалғасын табады.