2024-2025 оқу жылы қарсаңында Білім басқармасы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Бұл жаңашылдықтар мен жоспарлар облыстың мектепке дейінгі тәрбие жүйесінен бастап, орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру салаларына дейінгі барлық деңгейлерде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жайлы өңірлік коммуникация қызметі алаңында айтылды.
Облыстың мектепке дейінгі тәрбиесі жүйесінде 206 балабақша мен 180 шағын орталық жұмыс істеп, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды 100% қамтып отыр. Бұл жұмыстардың аясында биыл 1593 жаңа орын ашылуы жоспарланып отыр, бұл кезектілікті айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Оқу ағарту министрлігімен биылдан бастап бірыңғай кезектілікті жасау жоспарланған.
Мектептерде жаңа оқу жылына дайындық белсенді түрде жүріп жатыр. Облыстағы 343 мектепте шамамен 98 мың оқушы білім алмақ. Сонымен қатар, биыл Өскеменде 600 орындық, Зайсан қаласында 300 орындық және Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық мектептің құрылысы жұріп жатыр.
Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Барлық мектептер бейнебақылау жүйелерімен жабдықталып, 198 мекеме жедел басқару орталығына қосылған.
Білім басқармасы мен жергілікті билік органдарының жұмысы арқасында облыстағы білім беру саласында маңызды өзгерістер орын алуда. Бұл өзгерістер оқушылар мен студенттер үшін сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Оқу орындарындағы жаңашылдықтар, соның ішінде заманауи жабдықтар мен жаңа оқу орындарының салынуы, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді.