Отандық өнімге қолдау көрсету және ішкі нарықты өзімізде өндірілген өніммен қамтамасыз ету маңызды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов 13 тамызда өткен Үкімет отырысында да осы мәселені шегелеп тапсырды. Мәселен, облыс орталығындағы медициналық техника және бұйымдар өндіретін зауыттың өндірістік қуаты – 360 анализатор мен 1,5 млн реагент жиынтығын құрайды. Мұндағы қызметкерлер өзімізде өндірілген өніммен елдегі медициналық мекемелерді толық қамтамасыз етуге қауқарлы.
Отандық компания – ТМД аумағында жоғары дәлдіктегі автоматты ИХЛ анализаторларын дайындайтын жалғыз өндіруші. Қанды зерттеуге арналған құралдың көмегімен 14 минут ішінде бірден 20 көрсеткіш бойынша нәтиже алуға болады. Сонымен бірге 150-ден астам ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде мұнда 20-ға жуық адам еңбек етеді. Тәртіп қатаң. Медициналық бұйымдар өндірілетіндіктен тазалық басты орында. Қазіргі таңда зауытпен облыстық Ана мен бала орталығы және Риддер қалалық ауруханасы бірлесіп жұмыс істеуде. Сонымен қатар, олардың өнімі өзге де өңірлерде сұранысқа ие. Өздерінің тұрақты тұтынушылары бар.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов осы жолғы сапарында зауыт жұмысымен танысып, оның әлеуетіне жоғары бағасын берді. Егер өзге де медициналық мекемелер серіктестікпен бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдіріп, қолдау көрсетсе, бұл Отандық өнім үлесін арттыруға мүмкіндік береді.