Облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаментінде биылғы, күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары басталды. 4 қыркүйектен бастап аймақтан мыңға жуық азамат Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскери қызметке аттанады. Президенттің 1 ақпандағы Жарлығына сәйкес, әскери қызметке шақыру қыркүйек-желтоқсан айларында жүргізіледі.
Жылдың соңына дейін, облыстан әскер қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы жиырма мыңнан астам азамат қосылады деп күтілуде. Олардың ішінде 9 мыңнан астамы Қарулы Күштерге, 6 мыңнан астамы Ұлттық Ұланға, 3 мыңға жуығы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне, 300-ден астамы Төтенше жағдайлар министрлігіне және 300-ге жуығы Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында сала өкілдері айтты.
Қорғаныс саласында цифрлық технологияларды енгізу жалғасуда. Бұл процесс әскерге шақыру және әскери міндеттілердің есебін цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді. Мұндай өзгерістер азаматтардың әскери қызметін тиімді ұйымдастыруға және қашықтан көптеген мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Әскерге шақырылушылардың барлығы арнайы шақырту қағаздары арқылы хабарландырылады және бұл процесс «1414» қызметінің SMS-хабарламалары арқылы да жүзеге асырылады. Сонымен қатар, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы мәліметтерді Электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады.
Еліміздің тәуелсіздігін және аумақтық бүтіндігін қорғау – Қарулы Күштердің басты міндеті. Жас буынның әскери қызметті өткеруі олардың патриоттық сезімін арттырып, қоғамға деген адалдығын көрсетуге мүмкіндік береді.