Өскеменде каратэден Азия біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жақындары мен жерлестері, жанкүйерлері әуежайдан күтіп алды. Шығысқазақстандық спортшылар таяуда Сауд Арабиясында өткен додаға қатысып, жүлдегерлер арасынан көрінді.
Жерлестеріміз Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында өткен додада 9 медальды қанжығаға байлады. Оның ішінде 5 алтын, 4 күміс медаль бар. Алтын жүлденің біреуі спортшы әрі жаттықтырушы Илья Яковлевке тиесілі. Ол өңірден аттанған өрендерді дайындап қана қоймай, өзі де байрақты бәсекеге қатысып, жеңімпаз атанды.
Азия чемпионатына әлемнің 15 елінен 400-ге жуық спортшы қатысты. Ал еліміздің атынан 35 спортшы қатысса, оның жетеуі шығысқазақстандық өрендер. Әр сайысқа қатысушының дайындығы мықты, көш бастауға деген құлшыныстары жоғары.
Жеңімпаздарды күтіп алуға жанкүйерлерден бөлек, ата-аналарда келді. Бәсекеде топ жарып, үздік атанған Нұр Серікұлының анасы баласыүшін қуанышты.
Өңір спортшыларының қарсыластары мықты болса да жақсы дайындықпен барған жастар үздіктер қатарына көрінуге барын салды.
Жүлдемен оралған спортшылар жеңістің оңай келмегенін айтады. Олар болашақта бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін аянбай еңбек етуге ниетті.